Жаңалықтар

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Қарағанды облысының ғылыми және педагогикалық қауымымен кездесуі

Құрылған:27.02.2018, 15:22   |   Жаңартылған:27.02.2018, 15:22
27.02.2018

23 ақпан күні «Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде» Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауының негізгі қағидаттарын түсіндіру аясында ақпараттық жұмыс жүргізу бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Қарағанды облысының ғылыми және педагогикалық қауымымен кездесуі өтті. Қарағанды облысының әкімінің орынбасары Жандос Әбішев БҒМ басшысына аймақтағы білім беру жүйесінің дамуы туралы қысқаша мағлұмат берді.

 

 - Облыс әкімі Ерлан Қошанов 2018 жылды білім саласының мәселелерін шешетін жыл деп анықтаған. Үшауысымды оқыту және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешіліп, апатты жағдайда тұрған мектептерді ауыстыратын бес мектеп салу жұмысы жалғасуда, білім беру ұйымдарының жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі көбейетін болады, - деп мәлімдеді Жандос Әбішев. – Жеке инвестициялар есебінен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қарағанды облысы «Электронды мектеп», «Білім беру робототехникасы», «Үштілділік» және «Инклюзивті білім беру» сияқты инновациялық жобалардың республикалық тірек алаңы болып табылады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де жетістіктеріміз бар. Оған дәлел – екі колледждің қолданбалы бакалавриатты енгізіп, «жоғары колледж» мәртебесіне ие болуы.

 

Білім және ғылым министрі өз кезегінде мемлекет басшысының 10.01.2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы білім беру жүйесіне қойылған міндеттерге тоқталып өтті.

 

- «Нөлінші» сыныпты 2020 жылы емес, 2019 жылы енгізуді жоспарлап отырмыз дейді Ерлан Сағадиев. – «Нөлінші» сынып – бұл негізінен мектепалды дайындықтың қазіргі жүйесі. Оның мәні – мектепалды дайындық сыныбының балаларына арналған бірыңғай бағдарлама құру. Аталған дайындықты балабақшада және мектепте де өтуге болады.

 

Оның айтуынша, мектепалды дайындықпен қазақстандық балалардың 80%-ы қамтылған. Министрліктің міндеті – бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу. Барлық мектеп жасына дейінгі балалар 1 сыныпқа барар алдында бір деңгейдегі дайындықта болуы маңызды.

 

Сонымен қатар Ерлан Сағадиев биылғы жылы енгізіледі деп жоспарланып отырған жаңа жүйе Ұлттық бірыңғай біліктілік тестісі қалай жұмыс жасайтындығы туралы айтып өтті. Бұл келесі оқу жылынан бастап-ақ ұстаздардың айлық табысына үстеме қосылуына мүмкіндік береді.

 

- Бұрын біліктілік санаттары айырмашылығының ақшалай көрсеткіші 4 мың теңге болса, қазір ол 20 мың теңгені құрайды, - деп атап өтті БҒМ басшысы. – Сондай-ақ «педагог-шебер» жаңа санаты енгізілді. Егер бұрын педагогтің ең төменгі және ең жоғарғы жалақысының айырмашылығы 16 мың теңге болса, қазір ол 50 мың теңгеге жетіп отыр. Бұл айтарлықтай айырмашылық.

 

Білім беру мазмұнын жаңарту және цифрландыруды енгізу аясында «Информатиканы» бастауыш буын – 3 сыныптан бастап оқыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ерлан Сағадиев жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік және мемлекеттік қызметтерді толық автоматтандыруды ұсынудың маңыздылығын атап өтті.

 

- Биылғы жылы қағазсыз құжаттаманы енгізудің пилоттық жобасы Павлодар мен Шымкентте жүзеге асырылуда. Оған келесі жылдан бастап көшу жоспарланып отыр. Сонымен қатар біз есептілік қағаздарының санын қысқартамыз. Біз мектеп пен ұстаздардың артық есептілік қағаздарының бірқатар нормаларын енгіздік.

 

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова нормативті-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер туралы айтып, білім беру ұйымының басшысын тағайындаған кезде Қамқоршылық кеңесі өз ұсыныстарын енгізе алатынын мектеп директорларына ескертіп өтті. Осылайша, директорларды тағайындау кезінде қоғамдық бақылау нысандарын енгізу жоспарлануда. Мектеп директоры лауазымына үміткерлер біліктілік тестілеуін тапсырады, ал олардан ұсынылғандары білім басқармасымен келісіледі.

 

Іс-шараға жоғары білім беру орындарының ректорлары мен профессор-оқытушылар құрамы, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, облыстың білім беру ұйымдары, Қарағанды педагогтері мен жастар қатысты. Сонымен қатар Қарағанды облысының барлық ауыл мен аудандары селектор режимінде қосылды.

Қарағанды облысының білім басқармасының баспасөз қызметі