Баптар

Әкімшілік-қаржы басқармасы туралы Ереже

Құрылған:16.02.2016, 11:17   |   Жаңартылған:25.10.2016, 11:56

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің

Әкімшілік және құқықтық жұмыс басқармасы туралы

Ереже

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Әкімшілік және құқықтық жұмыс басқармасы (бұдан әрі - Басқарма) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің (бұдан әрі - Комитет) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Басқарма өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі-Министрлік) және Комитеттің бұйрықтарын, Комитет туралы Ережені, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Басқарманың құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің Жауапты хатшысы бекітеді.

 

2. Басқарманың негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

 

4. Міндеті: Комитет, оның аумақтық органдары және ведомстволық бағынысты ұйымдарында бюджеттік және қаржы тәртібін, сондай-ақ қаржылық – шаруашылық есебін бақылауды қамтамасыз ету.

Функциялары:

1) Комитет пен оның аумақтық органдарына бөлінген бюджеттік қаражаттың тиімді әрі нысаналы игеруін іске асыру;

2) бюджеттік өтінімдердің, бюджеттік бағдарламалар (ішкі бағдарламалар), міндеттемелер мен төлемдер жөніндегі қаржыландыру жобасын дайындау;

3) ақша қаражаты мен материалдық құндылықтардың бүтіндігін қамтамасыз ету;

4) Министрлікке және Қазынашылыққа бюджеттік бағдарламалардың (ішкі бағдарламалардың) орындалуы жөнінде ақпараттарды, мәліметтерді дайындау және тапсыру;

5) ведомстволық бағынысты мекемелердің бюджеттік қаражатты игеруі бойынша жүргізген жұмыстары туралы есептерді тапсыру;

6) бюджеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы, бюджет шығындары бойынша, еңбек, бюджет төлемдері бойынша шығындар сметасын орындау теңгерімін тапсыру;

7) бухгалтерлік, статистикалық, салық есептерін жүргізу, қаржы операцияларын жасау, қаржы жоспарларын орындау бойынша есептерді жинақтап тапсыру;

8) қаржы рәсімдерін өткізу кестесін, бағдарламалар әкімгерлерінің бюджеттік қаражатты игеруі жөнінде ақпарат дайындау;

9) қызметшілерге жалақының толық және уақтылы төленуін және еңбек ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктердің іске асырылуын қамтамасыз ету;

10) қаржыландырудың жылдық мөлшері бойынша тауарларды (жұмыстар мен қызметтерді) мемлекеттік сатып алудың конкурстық рәсімдерін өткізу;

 11) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер берушілермен азаматтық-құқықтық келісім шарттарды тіркеуден өткізу.

 

5. Міндеті: Комитеттің қызметінде заңдылықтың сақталуын құқықтық пен нормативтік құқықтық актілер, келісімшарттар, процессуалдық құжаттар, сондай-ақ басқа да заңды құжаттар жобаларын дайындауға қатысу арқылы қамтамасыз ету.

Функциялары:

1) Комитет құзіреті шегінде әзірленген нормативтік құқықтық актілерге құқықтық сараптама жасау;

2) Комитет құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысу;

3) Комитетпен әзірленген Министрліктің нормативтік құқықтық актілерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін іске асыруын бақылау;

4) Комитет әзірлеген нормативтік құқықтық актілерді бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды қамтамасыз етуін бақылау;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қарама-қайшы келетін және ескірген құқық нормаларын анықтау, оларды іске асырудың тиімділігін бағалау және өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөніндегі шараларды дер кезінде қабылдау үшін Комитет әзірленген және (немесе) іске асыратын заңға тәуелді актілерге қатысты тұрақты негізде мониторинг жүргізу.

 

6. Міндеті: Комитетте электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, орындаушылық тәртіптің сақталуын бақылау.

Функциялары:

1) Комитеттің жұмыс регламентін қамтамасыз ету;

2) Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштердің уақытылы қаралуын бақылау;

3) Комитеттің құрылымдық бөлімдерінің ағымдағы және жылдық жұмыс жоспарын жинақтайды және жоспардағы шаралардың белгіленген мерзімде орындалуын бақылайды, орындалуы туралы ақпараттар әзірлеу; 

4) іс жүргізу бойынша Нұсқаулық пен Комитеттің Іс номенклатурасын бекітілуін қамтамасыз ету;

5) Комитеттің шығыс – кіріс құжаттарының мерзімінде тіркелуін және түскен құжаттардың орындаушыға жетуін қамтамасыз етеді, іс жүргізу бойынша Нұсқаулықтың ережелеріне сәйкес құжаттардың сақталу мен рәсімделуі бойынша шаралар қолдануға ұсыныстар жасау;

6) ведомстволық архив жұмыстарын ұйымдастыру және бақылау.

 

 

7. Басқарманың құқығы және міндеттері:

1) заңнамада белгіленген тәртіп бойынша мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың меншік және ведомстволық бағыныштылық нысанына, лауазымды тұлғаларына қарамастан қажетті ақпараттарды, құжаттар мен мәліметтерді сұрату және алу;

2) басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы қолдану бойынша түсініктеме беру;

3) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініш пен арыздарын қарастыру;

4) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың келісім туралы бірлескен актілері негізінде басқа мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен, сыртқы экономикалық және өзге қызмет қатысушыларымен бірлесіп жұмыс жасау;

5) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;

6) нормативтік құқықтық актілердің жобасын дайындау, сондай-ақ Комитеттің өзіне жүктелген функцияларына сәйкес жүргізетін іс-шараларын әзірлеу мен жүзеге асыру үшін аумақтық департаменттер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерін тарту;

7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

 

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

 

8. Басқарма заңнамалық актілеріне, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

9. Басқарманы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төрағаның бұйрығымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын басшы басқарады.

10. Басқарма басшысы басқарманың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуы мен өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

11. Басқарма басшысы болмаған кезде, оның міндеттері Басқарманың бас сарапшыларының біріне немесе Комитет басшылығының шешімі бойынша өзге тұлғаға жүктеледі.

12. Басқарма басшысы осы мақсатта:

1) басқарма қызметшілерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша Комитет төрағасына басқарма қызметшілерін көтермелеуге, сондай-ақ оларға тәртіптік жаза қолдануға ұсыныстар жасайды;

3) басқарма қызметшілерін іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, даярлау (қайта даярлау) және біліктілігін арттыру мәселелерін шешеді;

4) аумақтық органдардың басшылары мен олардың орынбасарларына материалдық көмек көрсету, үстемеақы төлеу және сыйақы беру мәселелерін мақұлдайды;

5) Комитет құзыретіне қатысты сұрақтар бойынша басқарманың барлық қызметкерлері орындауы үшін міндетті тапсырмалар береді;

6) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

13. Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комитеттің басқа құрылымдық бөлімшілерге жіберілетін құжаттарға басқарма басшысы қол қояды, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.