Баптар

Cырттай бағалау басқармасы ережесі

Құрылған:17.02.2016, 12:58   |   Жаңартылған:25.10.2016, 11:59

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Cырттай бағалау басқармасының ЕРЕЖЕСІ

 

1. Жалпы ережелер

1. Сырттай бағалау басқармасы (бұдан әрі - Басқарма) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Басқарма өз жұмысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және де басқа құқықтық нормативтік актілерін, Министрліктің, Комитеттің бұйрықтарын және осы Ережені басшылыққа алады.

3. Басқарма:

1) басқарма басшысы – 1 бірлік;

2) бас сарапшы – 2 бірлік;

3) сарапшы – 2 бірліктен тұрады.

2. Басқарманың негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары

4. Басқарманың міндеті:

1) сырттай бағалау әдісімен мемлекеттік бақылау және білім беру қызметін беру сапасын арттыру;

2) көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге мониторинг жүргізу және бағалау.

Функциялары:

1) Басқарма Ұлттық бірыңғай тестілеуді (бұдан әрі - ҰБТ), оқу жетістіктерін сырттай бағалау (бұдан әрі — ОЖСБ) өткізеді, қазақ тілін меңгеру деңгейін өлшеу - ҚАЗТЕСТ жұмысын үйлестіреді, Комитеттің аумақтық (Департаменттер) және ведомствовалық бағынысты ұйымдарының жұмысын өз құзыреті шегінде үйлестіреді, сонымен бірге  мемлекеттік бақылаудың басқа түрлері мен нысандарын өткізуге қатысады;  

2) білім сапасын бағалау жүйесінің жағдайы мен тәжірибелік дамуын зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру;

3) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру және бекітуге ұсыну;

4) ҰБТ, ОЖСБ мен ҚАЗТЕСТ-ті өткізу үшін Үлгі ережелерін (қағидаларды, нұсқауларды, регламенттерді) жасау;

5) білім сапасының проблемалары және ҰБТ, ОЖСБ мен ҚАЗТЕСТ-ті  өткізу жайында өз құзыреті шегінде республикалық семинарларды, кеңестерді, тәжірибелік, ғылыми-шығармашылық конференцияларды ұйымдастыру мен өткізу;

6) басқарма құзыреті шегіндегі мәселелер бойынша облыстардың, Астана мен Алматы қалалары білім басқармаларымен, жоғары оқу орындарымен, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-мен, Ұлттық тестілеу орталығымен, Ақпараттық-талдау орталығымен, Комитеттің аумақтық ұйымдарымен (Департаменттермен) және білім жүйесінің басқа да мекемелерімен байланыс жасау;

7) басқарма құзырының шегіндегі сұрақтар бойынша азаматтар мен мекемелердің өтініштері мен ұсыныстарын қарау;

8) білім және ғылым саласында Қазақстан Республикасы Үкіметі Бағдарламасының іс-әрекетін жасауға қатысу және жүзеге асыру;

9) білім және ғылым саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтік-құқықтық актілерін орындауды жүзеге асыруды және білім беру ұйымдарында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын жүзеге асыруды мемлекеттік бақылауға қатысу;

5. Белгіленген мәселелерді жүзеге асыру және өз міндеттерін атқару мақсатында Басқарма мыналарға құқықты:

1) ҰБТ, ОЖСБ, КАЗТЕСТ-ті өткізу жайында Қазақстан Республикасының заң жобалары мен заң актілерін дайындауға қатысу;

2) ҰБТ, ОЖСБ, КАЗТЕСТ-ті өткізу жайында нұсқаулық-нормативтік құжаттарды дайындауға қатысу;

3) ҰБТ, ОЖСБ, КАЗТЕСТ мәселелері бойынша басқа министрліктер мен ведомстволарға Комитетті таныстыру;

4) ҰБТ, ОЖСБ-ны өткізу орындарында көрсетілген ұйымдарда ұйымдастыру мен өткізудің біліктілік талаптары сәйкестігін анықтайтын тексерістерді белгіленген тәртіп бойынша өткізу;

5)  Мемлекеттік жалпы білім беру стандарты талаптарының орындалуы бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

6) ҰБТ мен ОЖСБ  рәсімдерін өткізу үшін ведомстволық және меншік түріне қарамай, сондай-ақ Комитеттің аумақтық ұйымдарының (Департаменттер) білім беру ұйымдарының қызметкерлерін белгіленген тәртіп бойынша қатыстыру;

7) өз міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру қажеттілігі үшін жергілікті органдар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлерінен  ақпараттарды сұрау және алу;

8) орныққан тәртіп бойынша Комитеттің және білім және ғылым саласындағы басқа да құрылымдық бөлімшелерінің дерек базасымен пайдалану;

9) заң жобаларын, нормативтік актілерін жұмысқа дайындау мақсатында, белгіленген тәртіп бойынша сараптамалық комиссиялардың, жұмыс топтарының және уақытша шығармашылық ұжымдардың жұмысына білім беру жүйесінің қызметкерлерін, ғалымдар мен басқа мамандарды қатыстыру;

10) Басқарманың құзіреті мәселелері бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының есебін тыңдау;  

11)  ведомстволық бағынысты ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату сұрақтары бойынша ұсыныс жасау;

12) Комитет пен басқарма құзыретіне кіретін мәселелер шеңберінде  мәслихат пен кеңестер жұмысына қатысу;

13) ҰБТ, ОЖСБ және КАЗТЕСТ сұрақтары бойынша меншік түрі мен ведомстволық бағыныстылығына қарамай ғылым және білім беру  ұйымдарына   кеңес беру;

14) Қазақстан Республикасының заңдарына, Үкімет пен Министрліктің актілеріне сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

Басқарма қызметіне олардың қызметіне тән емес қосымша міндеттер мен функциялар жүктелмейді.

 

4. Басқарманың ұйымдастыру қызметі

 

6. Басқарма өз жұмысында төрағаның орынбасарларына және Төрағаға бағынады.

7. Басқарманы заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындаған Комитет Төрағасы және төраға орынбасарының ұсынысымен атқарған лауазымынан босататын, басқарма басшысы басқарады.

8. Басқарма туралы ереже, оның құрылымы Комитет төрағасымен бекітіледі.

9. Басқарма қызметінің жалпы басқаруы мен үйлестіруін басқарма басшысы іске асырады. Басқарма басшысы болмаған кезде оның міндетін төраға орынбасарының ұсынуымен Комитет Төрағасы тағайындап, босататын бас сарапшы атқарады.

10. Алға қойылған міндеттерді атқаруда басқарма қызметкерлері Басқарма басшысы мен Комитеттің басшылығы алдында жеке жауапкершілікте болады.

11.Басқарма қызметкерлерінің өкілеттілігі Комитет алдында тұрған мәселелермен, нақты лауазымдық міндеттерімен және лауазымдық нұсқаулықпен анықталады.

12. Осы Ереже мен лауазымдық нұсқаулықта ескерілген міндеттерді сапалы және уақытылы орындауда Басқарма басшысы және басқарманың бас сарапшылары мен сарапшылары заңнамада бекітілген тәртіп бойынша жауапты болады.

­­_________________________________________________________