Баптар

Білім саласындағы бақылау басқармасынің ережесі

Құрылған:30.10.2012, 11:42   |   Жаңартылған:25.10.2016, 12:03

Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысының

2016 жылғы  « 4 » шілдедегі 
№ 162-К  бұйрығымен бекітілген

                                                                        

 

«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті»

республикалық мемлекеттік мекемесінің

ережесі

 

  1. Жалпы ережелер

 

1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (бұдан әрі - Комитет) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік)  құзіреті шегінде білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функцияларды, сондай-ақ оның құзыретіне қатысты саладағы бақылау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады.

2. Комитеттің облыстарда, Астана және Алматы қалаларында аумақтық органдары бар және ол мынадай басқармалардан тұрады:

1) персоналды басқару қызметі;

2) әкімшілік – қаржы басқармасы;

3) білім беру қызметін лицензиялау басқармасы;

4) ғылыми кадрларды аттестаттау басқармасы;

5) сырттай бағалау басқармасы;

6) білім саласындағы бақылау басқармасы;

7) құқықтық жұмыс басқармасы

3. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің (бұдан әрі - Министр) және министрліктің Жауапты хатшысының бұйрықтарына, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және нормативтік емес құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады

4. Комитет ұйымдық-құқықтық нысанындағы мемлекеттік мекеме заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5. Комитет азаматтық-құқықтық  қатынастарға өз атынан түседі.

6. Комитеттің, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

7. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен, бұйрықтармен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулылармен ресімделетін шешімдер қабылдайды

8. Комитеттің және оның аумақтық органдарының құрылымы мен штаттық сандарын Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген тәртіппен Министрліктің Жауапты хатшысы бекітеді.

9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты, 11-кіреберіс.

10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі.

11. Осы Ереже Комитеттің мәртебесі мен  құзыретін анықтайтын құрылтай құжаты болып табылады.

12. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.

13. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамаларымен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

2. Комитеттің негізгі мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері

 

14. Мақсаттары:

1) білім және ғылым сапасын бақылау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру;

2) білім беру қызметінің сапасын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

3) ғылыми кадрларды даярлау сапасын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, сонымен қатар мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындысы, ғылыми-техникалық, инновациялық жобаларды және бағдарламаларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға ұсыну;

4) білім және ғылым саласында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру жұмыстарын ұйымдастыру, білім және ғылым саласында мемлекеттік қызмет көрсетудің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, білім және ғылым саласында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалау және мониторинг өткізу.

15. Функциялары:

1) бiлiм беру қызметiн іске асыратын заңды тұлғаларға лицензияларды және (немесе) лицензияға қосымшаларды:

бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары;

техникалық және кәсіптік білім берудің, оның ішінде кәсіптер мен мамандықтар бойынша білім бағдарламалары;

орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары білімнен кейінгі білім берудің, оның ішінде мамандықтар бойынша білім бағдарламалары;

рухани білім беру бағдарламалары бойынша беру.

2) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан:

мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру;

мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларымен мамандандырылған білім беру;

мамандандырылған оқу бағдарламаларымен арнайы білім беру;

техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру;

жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын бiлiм беру ұйымдарын мемлекеттiк аттестаттаудан өткiзу;

3) меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы заңнамасының және білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

4) бақылау және тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша
әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау, білім саласындағы уәкілетті органның құзыретіне кіретін баптар бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қолдану, оларды қозғау және сот органдарына беру, сот процестеріне қатысу;

5) тексерілетін субъектілерді тексерулер санын, сондай-ақ тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтарды және оларға қолданылған әкімшілік ықпал ету шараларын ведомстволық есепке алуды тұрақты және үздіксіз негізде жүргізу;

6) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын ұйғарымда белгіленген мерзімде жою туралы орындалуы міндетті жазбаша ұйғарымдар беру;

7) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеуден өткізу;

8) білім және ғылым саласындағы мемлекеттік бақылау бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына қарама-қайшы келетін және ескірген құқық нормаларын анықтау, оларды іске асырудың тиімділігін бағалау, өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөніндегі шараларды дер кезінде қабылдау үшін Комитет әзірлеген және (немесе) іске асыратын заңға тәуелді актілерге қатысты тұрақты негізде мониторинг жүргізу;

10) Комитеттің аумақтық органдарының қызметін үйлестіру және бақылау;

11) Комитеттің қызмет бағыттары бойынша Комитеттің аумақтық органдарына әдістемелік көмек көрсету;

12) білім туралы құжаттарды апостильдеу рәсімдерін жүзеге асыру;

13) тиісті құжаттарды бере отырып, шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау рәсіміне мемлекеттік бақылау жүргізуді жүзеге асыру;

14) шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттарды тану немесе нострификациялау туралы шешім қабылдау;

15) ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу;

16) оқу жетістіктерін сырттай бағалауды ұйымдастыру және өткізу;

17) білім беру сапасын сырттай бағалау әдісімен білім беру мониторингін жүргізу;

18) құжаттарды қабылдау, қазақ тілін білу деңгейін бағалау (ҚАЗТЕСТ) бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету стандартын және регламентін әзірлеу;

19) диссертациялық кеңес туралы үлгілік ережені әзірлеу;

20) философия докторы, бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежелерін және қауымдастырылған профессор, профессор ғылыми атақтарын беру тәртібін әзірлеу;

21) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежелерін беру;

22) қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарын беру;

23) мемлекеттің атынан белгіленген мемлекеттік үлгідегі ғылым кандидаты және докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дипломдарын, доцент, қауымдастырылған профессор (доцент), профессор аттестаттарын беру;

24) PhD докторлық диссертацияларын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер құру және олардың қызметін ұйымдастыру, диссертациялық кеңестер төрағаларын бекіту;

25) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежелерін және қауымдастырылған профессор (доцент) атағын беру бойынша аттестаттау істерін қарау жөніндегі сарапшылық кеңестерін құру және олардың қызметін ұйымдастыру;

26) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету процесін  автоматтандыруды  және  оңтайландыруды  қамтамасыз ету;   

27) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыруды қамтамасыз ету; 

28) Комитеттің өкілеттілігіне жататын мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдардың  қызметін  бақылау және қадағалау  функцияларын  жүзеге асыру;

29) өтініш берушілердің Қазақстан Республикасының заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен белгіленген талаптарды сақтауын жүзеге асыру;

30) оқулықтарды, оқу әдістемелік кешендерді және оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, сараптамадан өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және бақылау;   

31) оқулықтарды, оқу әдістемелік кешендерді және оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, сараптамадан өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және бақылау;

32) Комитетке ведомстволық бағынысты ұйымдардың жарғысын әзірлеу, келісу және бекіту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

33) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ведомстволық бағынысты ұйымдарында бюджеттік және қаржы тәртібін бақылауды қамтамасыз ету;

34) аккредиттеу органдарына, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарына қойылатын талаптарды және оларды танудың тәртібін әзірлеу, танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдарының және білім беретін оқу бағдарламаларының тізілімін қалыптастыру;

35) ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізіміне енгізу үшін ғылыми басылымдарға талаптарды әзірлейді;

36) білім беру ұйымдарының бағалау өлщемдерін әзірлейді;

37) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;

38) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;

39) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен, хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылатын білім беру ұйымдарының қызметін тоқтата тұру;

40) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

16. Құқықтары мен міндеттері:

1) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан  қажетті ақпарат пен материалдарды, оған қоса мемлекеттік қызметтерді көрсетуге қажетті құжаттар мен ақпаратты сұрату және алу;

2) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы қолдану жөнінде түсініктемелер беру;

3) Комитет қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру;

4) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің және мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында қарастырылған тәртіппен қызметкерлерді көтермелеу, оларға тәртіптік жазалар қолдану, қызметкерлерді материалдық жауапкершілікке тарту;

5) құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттарының  жобаларын әзірлеуге қатысу;

6) Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне  орындалуы міндетті нұсқаулар беру;

7) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес орындамаған немесе жазбаша нұсқамаларын тиiсiнше орындамағаны үшiн хаттама толтырып, сот органдарына жолдау;

8) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау, олар бойынша хаттамалар жасау және әкімшілік жазалар қолдану;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитеттің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну,талап-арыз беру;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру;

11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитеттің құзіретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, арыздары мен шағымдарын қарау;  

12) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен, сондай-ақ мемлекеттік органдардың келісімі бойынша олармен бірлескен актілер негізінде басқа мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен, сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылармен өзара қарым-қатынас жасау;

13) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Републикасының заңнамаларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

14) Комитеттің аумақтық органдар қызметтерінің  нәтижелерін талдау және мониторинг жүргізу негізінде білім беру стандарттары мен мазмұнын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;

15) нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау үшін , сондай-ақ оны міндеттеріне сәйкес Комитеттің қабылдаған қызметін дамыту және іске асыру үшін Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлерін жұмысқа тарту;

16) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте Комитеттің құзыреті шегінде мәселелерді анықтау үшін үкіметтік емес ұйымдарды, ғылыми және өзге де, оның ішінде шетелдік ұйымдарды, ғылыми мамандарды жұмысқа тарту;

17) Комитеттің құзыреті шегінде консультативтік-кеңестік және сараптау органдарын құру (кеңестер, соның ішінде ғылыми этика және антиплагиат бойынша, комиссиялар,топтар,алқалар)

18) ведомстволық бағынысты ұйымдарға, республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік меншіктік құқық субьектісінің функциясын жүзеге асыру, республикалық меншіктегі акционерлік қоғамдарда (серіктестіктерде) мемлекеттік акция топтамасын  (қатысу үлесін) иелену және пайдалану;

19) Комитеттің негізгі бағыттағы қызметі бойынша Алқа отырысын өткізу;

20) апатты және үш ауысымды мектептерге мониторинг жүргізу;

21) мемлекеттік қызметтер стандарттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;

22) мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі туралы тұтынушыларды ақпараттандыру;

23) мемлекеттік қызметті көрсету саласындағы уәкілетті органдарға тиісті ақпарат ұсыну;

24) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге міндеттерді жүзеге асыру.

 

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

 

17. Комитеттің басқарылуын төраға жүзеге асырады, жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруына жеке жауапты.

18. Комитеттің төрағасын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің және Президент Әкімшілігі Басшылығының келісімі бойынша Министр лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

19. Комитет төрағасының ұсынымы бойынша, Министрліктің Жауапты хатшысының келісімінен кейін, Министр және Премьер-Министр лауазымға тағайындайтын және босататын орынбасарлары болады.

20. Комитеттің аумақтық органдарының басшылары және басшының орынбасары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тағайындалады және лауазымдарынан босатылады.

21. Комитет Төрағасының өкілеттігі:

1) өз орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

2) Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Комитет қызметкерлерін, ведомствоға қарасты ұйымдардың директорлары және директордың орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының орынбасарларын қоспағанда, Комитет қызметкерлерін, аумақтық органдардың басшыларын және басшы орынбасарын көтермелейді, сонымен қатар тәртіптік жаза қолданады;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитет қызметкерлерін, аумақтық органдардың басшылары мен басшының орынбасарын іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемақы төлеу, сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

6) өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша құқықтық актілер шығарады, Комитеттің және оның аумақтық органдарының барлық қызметкерлері үшін міндетті болып табылатын сұрақтар бойынша нұсқау береді;

7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитеттің атынан өкілдік етеді;

9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау жұмысына басшылық жасайды, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді;

10) Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін ұстануын бақылайды;

11) білім саласында уәкілетті органның құзыретіне кіретін баптар бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қолданады, оларды қозғайды және сот органдарына береді, сот процестеріне қатысады;

12) Қазақстан Республикасы заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады.

Комитет Төрағасының өкілеттігін (белгіленген міндеттерді бөлуге сәйкес) оны алмастыратын немесе Комитет төрағасымен белгіленген тұлға жүзеге асырады.

 

4. Комитеттің мүлкі

 

22. Комитеттің, заңнамада көзделген жағдайларда, жекеленген мүлікті жедел басқару құқығы бар.

Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

23. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Комитет өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

 

 

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

 

 25. Комитетті және оның аумақтық органдарын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.